Бапталған дәннің нәтижесінде құнды өнім алатыныңдай, нағыз ғылым жемісі де соңында беріледі. Бұл ретте отандық оқу орындарының зерттеушілер қауымы қыруар еңбек етіп, әр саланың даму нүктелерімен жұмыс атқарып келеді.
Мәселен, ботаникалық бақ – өсімдік әлемін, оның ішінде жойылу қаупі бар өсімдіктерді қорғау, сақтау, өндіру және пайдалану бойынша зерттеулер және ғылыми зерттемелер өткізуге арналған табиғи аймақ.
Біздің өрбітетін әңгімеміз де осы турасында болмақ. Бүгін Сіздерге Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым қоры Акционерлік Қоғамының қолдауымен іске асырылып отырған Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы «Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» жоба аясында ботаникалық бақтағы орындалып отырған жұмыстар жайына тоқталмақпын.
Жобаның мақсаты – еліміздің халқын сапалы экологиялық таза жеміс және кептірілген жеміс өнімдерімен қамтамасыз ету, қалдықсыз өнім өндіру, сондай-ақ ботаникалық бақтың көркейіп гүлденуіне атсалысу.
Қазіргі таңда, жоба аясында университеттің ботаникалық бағында пісетін жемістерді сақтап, қайта өңдейтін өндірістік цех іске қосылған.
Өндірістік цех барлық талаптарға сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өндірістік цехте өнімдерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Өндірістік цехтің тəулігіне 5-7 тонна өнім қабылдап, өңдеуге мүмкіндігі бар.
Одан бөлек, жоба бақты күтіп баптау, санитарлық қырқу жұмыстарын жүргізу кезінде пайда болатын ағаш қалдықтарынан әртүрлі салада қолданылатын ағаш жаңқасын өндіретін цехтың іске қосылуымен ерекшеленіп отыр. Бұл ағаш жаңқалары азық-түлік, тыңайтқыш, құрылыс салаларында қолданылады.
Сөз соңында ізденуші топқа өз алғысымды білдіріп, жұмыс өнімділігін тілеймін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.