ҚР ҒЖБМ Ғылым қоры «MedTech Technology commercialization reactor» ғылым мен бизнеске арналған диалог алаңы аясында медицина және фармацевтика салаларындағы жаңа жобалардың тұсаукесерін ұйымдастырды.
Кездесуде ғалымдар медицина және фармацевтика саласындағы әлеуетті іскер серіктестер мен инвесторлар алдында сөз сөйлеп, құны 350 млн теңгеге дейінгі гранттық байқауға қатысу үшін мәмілелер жасасу мақсатында ғылыми әзірлемелерінің коммерциялық құндылығын баяндады.
Ұсынылған жобалардың ішінде емдеу-профилактикалық көмектің медициналық технологиялары, дәрі-дәрмектер, медициналық техника және әртүрлі терапия мен оңалту технологиялары, сондай-ақ, емдік-косметикалық өнімдер (проксимальды иық сүйегінің сынықтарын емдеу, инновациялық стоматологиялық тұтқа, бактерияға қарсы гидрогельді пластырлар және т.б.) өндіруді ұйымдастыру саласындағы әзірлемелер бар.
Аталған жобалардың бірінің жетекшісі медицина ғылымдарының докторы, профессор «Семей медицина университеті» «Госпитальды хирургия» кафедрасының меңгерушісі Мейірбек Аймағамбетов: «Біз дәстүрлі және хирургиялық операцияға арналған жаңа дизайндағы әмбебап құрылғыларды таныстырдық. Клиникалық тәжірибеге сәтті енгізілген және хирургиялық емдеуде қолданылған екі прототип әзірленді. Біздің әзірлемелер еуразиялық патенттерге ие болды. Біз зерттеулерімізді кеңейту үшін қосымша қаржы іздейміз және бизнес пен инвесторлардан қолдау аламыз деп үміттенеміз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ коммерциаландыру реакторы аясында иық сүйегінің проксимальды сынықтарын остеосинтезге арналған бекіту құрылғысы ұсынылды. Жоба жетекшісі «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университетінің докторанты, ортопед-травматолог Жасұлан Арғынбаевтың айтуынша, нарықта мұндай құрылғылар жоқ. «Біздің өнім міндетті медициналық сақтандыру және медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қолжетімді. Біз осы әзірлемелерге екі патент алғанымызды мақтан тұтамыз. Ал болашақта біз ҒжҒТЗН коммерциаландыру жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Жобалар «QazBioPharm» ұлттық холдингі, «СК-Фармация», «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, Ұлттық денсаулық сақтау палатасы, Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы, Ұлттық биотехнология орталығы сияқты ұйымдар өкілдерінің қызығушылығын тудырды.
Коммерциаландыру реакторы медицина саласындағы инновациялық шешімдер мен технологияларды іздеуде ғылыми қоғамдастық пен бизнестің өзара әрекеттесуінің маңыздылығын көрсетті.