Қазіргі уақытта мемлекет ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаев органикалық ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін дамыту және заманауи агротехнологиялар мен инновацияларды енгізу қажеттігін атап өтті.

Осы орайда, Шәкәрім шаңырағында «Абай облысындағы өсімдік шаруашылығында сапропельдің әлеуеті» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинар жұмысына университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, «Ғылым қоры» АҚ басшылығы, Абай облысы, Бородулиха, Бесқарағай аудандарының әкімдігі және білім алушылар қатысты.

Алғы сөз алған Басқарма төрағасы Б.Ердембеков жоғары оқу орнының барлық оқытушылары ғылыммен, ғылыми жұмыспен айналысуы қажет екендігін тілге тиек етті.

«Шәкәрім университетінің ғылыми әлеуеті зор және материалдық – техникалық қоры жеткілікті. Сонымен қатар, Ветеринария және агроменеджмент факультетінде ғалымдар ветеринария, тамақ қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелермен белсенді айналысса, Инженерлік-технологиялық факультет ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелерін зерделеуде. Олардың аяқталған ғылыми жобалары бар және қазіргі уақытта ең өзекті тақырыптар бойынша бірқатар ғылыми жобаларды орындауда»,- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.

«Ғылым қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы А.Шаменов өз сөзінде ғылым ел экономикасының драйвері екендігін атап өтіп, әр жоғары оқу орындарында коммерцияландыру орталықтары жұмыс істеуі тиіс екендігін айтты. Коммерцияландыру орталықтары ғылыми-зерттеу жобаларына тікелей қолдау көрсетіп, білім ордасының ғылыми әлеуетін көтеруі керектігін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда кейбір ЖОО-дары мен ҒЗИ зияткерлік меншік объектілерін басқару саясатын қабылдамағандығын жеткізді.

Өз кезегінде Бауыржан Аманкелдіұлы Шәкәрім университетінің ғалымдары «Taza Jer» ЖШС-не аталған жобаны жүзеге асыруға барынша көмек көрсететіндігін айтты.

«Агротехнопарк» ғылыми орталығының базасында тәжірибелік учаскеге агрофизикалық зерттеулер, топырақ пен сапропельге микробиологиялық зерттеулер, сопропельдің құрамын зерттеу, сапропельдің күнбағыс өнімділігі мен вегетациялық мерзімдеріне әсерін зерттеу жүргізуде. Ұсынылып отырған жоба еліміздің экономикасы, атап айтқанда, Абай облысы үшін белгілі бір практикалық маңызға ие бола алады»,- деді ректор.

Диалогтық алаңға айналған семинарда «Ғылым қоры» АҚ Басқарушы директоры М.Келдібеков «Ғылым қоры» АҚ қызметі туралы, география ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қ. Т. Сапаров «Сапропель – что это такое и как использовать», Радиоэкологиялық зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі, «Ғылым қоры» АҚ бас менеджері Ю. А. Вяткина «Ғылым мен бизнестің интеграциясы», PhD А.Н. Кливенко «Интерполиэлектролитные комплексы для предотвращения опустынивания земель» тақырыптарында презентацияларын ұсынды.

Университет ғалымдары, ғылыми орталықтардың жетекшілері сапропельдерді медицинада, ветеринарияда, құрылыс материалдары өнеркәсібінде қолдануға болатындығы жайлы сөз етіп, Қор өкілдерімен өзара талқыласты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.