⚜Атырауда «Тауарлардағы жергілікті үлес: ел мен саланың стратегиялық дамуы» атты семинар өтті
Атырау мұнай және газ университетінде KazService және Теңізшевройл ұйымдастырған семинар өтті. Жиынға АО «Ғылым қоры» басқарма төрағасы Камиль Акатов қатысып, Ғылым қорының негізгі гранттық бағдарламалары мен жаңа жобаларын таныстыра отырып, қордың дамуы мен жалпы қызмет бағыттары туралы баяндады. Ол ғылым мен бизнестің интеграциясын қамтамасыз ету үшін кооперация механизмдері мен тәсілдерін түсіндірді.
Сонымен қатар, Камиль Акатов бизнес қауымдастығының ғылыми-қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндіктерін ашып көрсетті. Ол ғылым мен бизнесті интеграциялаудың тиімді жолдары мен кооперация механизмдерін егжей-тегжейлі баяндап, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының болашағына тоқталды. Акатовтың айтуынша, бұл бастамалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттырып, ғылыми негізделген экономиканы құруға жол ашады.
Іс-шараға 160-тан астам қатысушы мен 50-ге жуық компания, соның ішінде жетекші мамандар, мемлекеттік органдар өкілдері және ірі операторлар жиналды. Қатысушылар отандық өндірісті қолдау және дамыту, ірі операторлар мен жергілікті жеткізушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, салық жүктемесі мен оның мұнай-газ саласына әсері, сондай-ақ саланың әлеуметтік жауапкершілігі мен экологиялық мәселелерін талқылады.
Семинар аясында ТШО сияқты ірі операторлар мен отандық өндірушілер арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланған B2B кездесулері өтті.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өз баяндамасында қазақстандық компанияларды қолдау мен отандық өндірушілерге қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, мұны экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі деп атады.
ҚР Энергетика вице-министрі Арымбек Құдайберген министрліктің жергілікті мазмұнды дамытудағы күш-жігерін атап өтіп, стратегиялық мақсаттарға жету жолында бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.
KazService басшысы Рашид Жақсылықов отандық өндірушілерді қолдаудың және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Семинар аясында мұнай, газоконденсат, сұйытылған газдар, жеңіл мұнай өнімдерін және күкірт-щелекті қалдықтарды тазартуға арналған катализдік композицияны өндіру жобасы ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Бұл жобаға қазірдің өзінде отандық және шетелдік мұнай-газ саласындағы компаниялар қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, көрмеде ATV, Newtech Systems Group, Tynys, Глобал Спец Одежда, Aleks, Oil Qazaqstan Group, Borkit Safety және басқа да компаниялардың стендтері ұсынылды.