Ғылым қоры Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, сондай-ақ инновацияларды ынталандырудың реттеуші жүйесін жетілдіру мақсатында британдық мемлекеттік және ғылыми ұйымдармен кездесті.
Ұлыбританияның ғылым, инновациялар және технологиялар министрлігінің (DSIT) өкілдерімен кездесуде Ғылым Қоры Басқармасының Төрағасы Камиль Акатов ғылыми қызметті коммерцияландыру механизмдерін жетілдіру жұмыстары туралы айтты. Тараптар екі елдегі ғылымды және коммерцияландыруды қаржыландырудағы басқару және басымдық беру жүйелерін, сондай-ақ халықаралық зерттеулерге арналған DSIT ведомстволық бағынысты ұйымдарының гранттары шеңберіндегі ынтымақтастықты талқылады. Сонымен қатар Ұлыбританияның бизнес және сауда министрлігімен кездесті.
Ұлыбритания университеттері қауымдастығымен (UK international Universities) кездесу барысында Horizon Europe бағдарламасы шеңберінде қазақстандық және британдық ғылыми ұйымдар арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Корольдік инженерлік академиясымен және ЕО-дағы топ-10 стартап-хабтың бірі – Enterprise Hub-пен кездесу өтті. Қаржыландыру, шағын және орта бизнестің, зерттеушілердің желілік байланысы, тәлімгерлік, көшбасшылық және кәсіпкерлік қасиеттерді дамыту сияқты Deeptech бағытындағы стартаптарды қолдауға бағытталған мәселелер қозғалды.
Ұлы Мәртебелі Қазынашылық (His Majesty’s Treasury) — Ұлыбританияның қаржы Министрлігінің рөлін атқаратын ведомствомен кездесуде талқыланған мәселелердің бірі жеке сектордағы инновацияларды ынталандыру шаралары болды. ҒЗТКЖ саласындағы саясат жөніндегі кеңсенің өкілдері мемлекеттік және жеке әріптестік негізінде инновациялар үшін салықтық жеңілдіктер мен келісімшарттар (Contracts for Innovation) туралы айтып берді.
Ғылым қоры сонымен қатар Ұлыбританияның медициналық-биологиялық зерттеулерді қаржыландыратын тәуелсіз халықаралық қайырымдылық қоры Wellcome Trust-пен кездесті. Тараптар қаржыландыруды, мониторинг механизмдерін және ғылыми зерттеулерді, әсіресе биомедицина саласындағы зерттеулерді қоса қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылады. Wellcome Trust биомедицина саласындағы жаһандық зерттеулерді қаржыландыру мүмкіндіктерімен бөлісті.
Deeptech жобалары мен стартаптарын дамыту және қолдау үшін бағдарламалар, ресурстар және үздік тәжірибелер талқыланды.