«Ғылым қоры» Сәтбаев университетінің 90 жылдығына арналған форумға қатысып, Қазақстандағы ғылым мен технологияларды қолдаудың жаңа әдістері мен құралдарын таныстырды. Форум аясында өткен ғылымды коммерцияландыру және технология трансфері бойынша панельдік сессияда қордың бастамалары талқыланды.
Биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң «Ғылым қорының» қызмет аясын кеңейтіп, жаңа құралдарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында венчурлік қаржыландыру, бизнес-инкубацияны, акселерацияны және коммерцияландыру офисінің біліктілігін арттыруды қамтитын коммерцияландыруға жәрдемдесу бағдарламасы бар. Бұл бастамалар қолданбалы ғылыми жобаларды қолдауға бағытталған, олардың бизнеске бейімделуін, жеке инвестициялар мен бірлескен қаржыландыруды қамту мүмкіндігін қалыптастырып, сондай-ақ өз қызметтерін ел ішіндегі және шетелдік нарықтарға жылжыту мен кеңейтуге ықпал етеді», — деп атап өтті «Ғылым қоры» Басқарма төрағасы Камиль Акатов.
Форум аясында гранттық бағдарламаның ағымдағы нәтижелерімен қатар, отандық ғалымдар мен жобаларға халықаралық серіктестіктерге қатысуға мүмкіндік беретін халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу мүмкіндіктері таныстырылды. Осы мақсатта Ғылым қоры әлемнің жетекші ғылыми және технологиялық ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр.
Жиында елдегі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда технологияларды коммерцияландыру офистерін дамыту мен нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Олардың әлеуетін арттыру гранттық және венчурлік бағдарламаларға, сондай-ақ ғылымды қолдаудың басқа да құралдарына арналған жобалар ағынын қалыптастыра отырып, тұтас жергілікті экожүйені құруға мүмкіндік береді. Бұл технологияларды коммерцияландырудың одан әрі дамуына сенімді іргетас болмақ.
Оған қоса, Басқарма төрағасы ғылым мен өндірісті біріктіруде ғылыми-инновациялық хакатондардың зор маңызы туралы айтты.
Аталған іс-шаралар өндірістің технологиялық мәселелеріне шешімдер іздеуге бағытталып, ғылым мен бизнестің байланысын нығайтуға ықпал етеді.
Осы жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі ірі өндірістік серіктестермен (Kazakhmys, ERG, KazAtomProm, Kazminerals) бірлесіп төрт шақты іс-шара өткізе отырып, жылдың соңына дейін және келесі жылы тағы да осындай хакатондарды өткізуді жоспарлап отыр. Бұл хакатондар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Іс-шара ғылымды дамыту мен технология трансферіне мүдделі ғылым, бизнес және мемлекеттік құрылымдардың өкілдерін жинады.